Грузия суррогат ана қызметіне тыйым салмақ

Алайда бұл шектеу экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсіміне қатысты емес.


24/11/2026
08:10 0

Осы аптаның соңына дейін Грузия парламенті суррогат ана қызметіне ел аумағында қандай да бір нысанда жол бермеуді көздейтін заң жобалары топтамасын жедел тәртіппен, бірден үш оқылымда қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы биліктегі «Грузин арманы» парламенттік фракциясының жетекшісі Ираклий Кирцхалия мәлімдеді.

 

Кирцхалияның айтуынша, тыйым толық сипатта болады және ешқандай ерекшелік қарастырылмайды. Алайда бұл шектеу экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсіміне қатысты емес. Бұл қызмет түрі сақталады, бірақ оны тек Грузия азаматтары ғана пайдалана алады.

 

«Грузин арманы» партиясы мұндай қатаң шешімді суррогат ана қызметінің кең таралуынан туындаған моральдық, этикалық және құқықтық қауіп-қатерлермен түсіндіреді.

 

Кирцхалия келтірген дерекке сүйенсек, Грузияда суррогат ана қызметіне жүгінетіндердің 98 пайызы шетел азаматтары болса, жергілікті тұрғындардың үлесі небәрі 2 пайызды құрайды. Зерттеу нәтижелері бойынша, суррогат аналар дүниеге әкелген балалардың басым бөлігі кейін елден әкетіледі. Ал суррогат ана болуға келісетін әйелдердің арасында бұрынғы заңнаманың жеңілдіктерін пайдаланған шетелдіктер де аз емес.

 

Соңғы жылдары Грузиядағы суррогат ана қызметі айналымы ондаған миллион доллармен есептелетін ірі бизнеске айналған. Бір баланың дүниеге келуіне байланысты көрсетілетін қызмет құны 50 мыңнан 75 мың долларға дейін жеткен. Мұндай жағдай қоғамның едәуір бөлігін, сондай-ақ Грузия православ шіркеуін алаңдатып келген. Ираклий Кирцхалия тыйым салу туралы түпкілікті шешімді билік партиясы шіркеудің жоғары лауазымды дін қызметкерлерімен кеңескеннен кейін қабылдағанын растады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/11/2026 08:10
0

Уведомление